Президенттің 1998 жылғы 6 мамырдағы Жарлығымен Ақмоланың атауы Астана болып өзгертілді. Жаңа астананың халықаралық тұсаукесері 1998 жылғы 10 маусымда өтті. 1999 жылы ЮНЕСКО шешімі бойынша Астана «Бейбітшілік қаласы» атағына ие болды. 2000 жылдан бастап Қазақстанның басты қаласы астаналар мен ірі қалалардың Халықаралық Ассамблеясының мүшесі болып табылады. 2019 жылғы 23 наурыздағы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Астана қаласы Қазақстан Республикасының астанасы – Нұр-Сұлтан қаласы деп қайта аталды.
Қазіргі уақытта астананың аумағы 722 шаршы шақырымнан асады, тұрғындар саны – 1 млн асады. Қала төрт ауданнан – «Алматы», «Сарыарқа», «Есіл» және «Байқоңыр» ауданынан тұрады. Нұр-Сұлтан Қазақстанның орталығынан солтүстікке қарай құрғақ далалық өлкеде, құрғақ бозды-бетегелі дала аймағында орналасқан. Қала аумағы аласа терраса – жайылма жер бедері түрінде келеді. Есіл өзені елорданың басты су көзі саналады. Ауа райы күрт континентальды – қысы суық әрі ұзақ, жаз мезгілі ыстық және бірқалыпты қуаң. Еуразия құрлығының ортасында қолайлы орналасуы Астананы экономикалық тұрғыдан тиімді көлік, қатынас және логистика орталығына, Еуропа мен Азия арасындағы өзіндік транзиттік көпірге айналдырды.
Қала экономикасының қарқынды дамуы көптеген инвесторлар үшін тартымды болып отыр. Қала экономикасының негізі – сауда, өнеркәсіп өндірісі, көлік, байланыс және құрылыс салалары. Шаһардың өнеркәсіп өндірісі негізінен құрылыс заттарын, азық-түлік өнімдерін шығару мен машина жасау ісі төңірегіне шоғырландырылған. Астана Қазақстанда құрылыс металл бұйымдарын, пайдалануға дайын бетон және бетоннан жасалған құрылыс заттарын шығару жөнінен алдыңғы орынды иеленеді. Қаланың ірі кәсіпорындары қатарында Целиноград вагон жөндеу зауытын, «Цесна-Астық» концернін, «Тұлпар-Тальго» ЖШС жолаушылар вагонын құрастыру зауытын, «Еврокоптер Казахстан инжиниринг» ЖШС тікұшақ құрастыру зауытын айтуға болады. Қала Қазақстандағы ірі бизнес орталығының біріне айналды. Кәсіпкерлік мәдениеті қарыштап дамып келеді – Астанада 128 мыңнан астам шағын және орта кәсіпкерлік нысандары жұмыс істейді.
«Бәйтерек» кешені жаңа елорданың басты символына, оның өзіндік бойтұмарына айналды. Өзге де бірегей сәулеткерлік ғимараттар қатарында белгілі британдық архитектор Норман Фостердің жобасы бойынша пирамида үлгісінде салынған «Бейбітшілік және келісім» сарайын, әлемдегі ең биік шатыр үлгісіндегі ғимарат – «Хан Шатыр» сауда-ойын-сауық орталығын, теңізден алыс орналасқан океанариум – «Думан» орталығын, «Астана опера» мемлекеттік опера және балет театрын, Орталық Азиядағы ірі мешіт – «Әзірет Сұлтан» мешітін, Әулие Үспен Богородица кафедралдық соборын, Әулие Мария Архиепархиясы рим-католиктік кафедралдық соборын, «Бейт Рахель Хабад Любавич» синагогасын, «Қазақстан» орталық концерт залын, «Қазақ Елі» монументін, Қазіргі заманғы өнер музейі мен Президенттік мәдени орталық ғимараттарын атауға болады.
Қазақстанның елордасы елдің барлық өңірлеріндегі талапкерлер үшін тартымды орталыққа айналды. Мұнда отандық білім беру ісінің жетекшілері – Назарбаев Университеті, Л.Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университеті, Қазақ ұлттық өнер университеті, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті, М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің филиалы, Астана медициналық университеті орналасқан.
Бүгінде астанада халықаралық маңызы бар түрлі форумдар, конгрестер мен өзге де іс-шаралар өтетін Еуразия кеңістігінің орталығына айналды. Соңғы жылдар ішінде Қазақстанның елордасы бірнеше рет барша әлемдік қоғамдастықтың басты назарында болды. Елордада Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездері, Астана экономикалық форумы және өзге де маңызды халықаралық оқиғалар тұрақты түрде өтіп келеді. Нұр-Сұлтанда ЕҚЫҰ-ның тарихи саммиті, ШЫҰ мен ИЫҰ-ның мерейтойлық саммиттері болып өтті. 2011 жылдың басында республиканың елордасы VII Қысқы Азия ойындарының қатысушылары мен қонақтарын қабылдады.
2017 жылы елордада ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі өтті, оған Есіл өзенінің сол жағалауында көрме кешені - ЭКСПО-қалашығы бой көтерді. «ЭКСПО-2017» көрмесінің архитектуралық символына айналған көрме кешенінің орталық нысаны «Нұр әлем» деп аталады. Алып шар тәрізді ғимарат – әлемдегі ең үлкен сфера. Оның диаметрі 80 метр болса, биіктігі – 100 метр. Сегіз қабаттан тұратын нысанның әр қабаты ғарыш, күн, биомасса, жел, су және кинетикалық энергияға арналған. Ал сегізінші қабат «Астана – болашақтың қаласы 2050» экспозициясына арнайы бөлінген.
Аталмыш сфераның төменгі табанындағы 5 мың шаршы метр аумақта Ұлттық павильон болады. Павильон «Қазақстанмен танысу» және «Жасампаздық энергиясы» атты екі басты тақырыпты қамтиды. Павильонның бірінші бөліміне ландшафт, мәдениет, тарих, Қазақстанның өткені мен болашағы туралы мәліметтер беріледі. Ғарыш, күн, биомасса, жел, су және кинетика – қуат көздерінің негізгі түрлері сандық, мультимедиялық және интерактивті технологиялар арқасында келушілердің назарын аудармақ.
Қазақстанның Тұңғыш Президентінің идеясымен іргесі қаланған жаңа елорда қысқа мерзім ішінде жалпыұлттық идея мәртебесіне ие болып, жас мемлекеттің тәуелсіздігінің символына және жаhандық табысына айналды.
Нұрсұлтан Назарбаев Нұр-Сұлтанның 20 жылдық мерейтойына арналған өзінің бағдарламалық сөзінде жаңа елордалық қаланың даму философиясын өте анық және бейнелі түрде айқындап берді: